Елімізде заң шығару қызметі сапасы деңгейінің төмендеуінен бөлек, ерекше қауіпті мәселелердің бірі – ғылыми мектеп сабақтастығының қалыптастырылмауы. Бұл туралы Академиялық адалдық лигасы жалпы жиналысының мүшесі Талғат Нәрікбаев "Өзбекстанда заң ғылымын дамытудың және заң шығару қызметін жетілдірудің өзекті мәселелері" атты ғылыми-практикалық конференцияда мәлімдеді.
Халықаралық конференция барысында басқарма төрағасы академиялық мансаптың тартымдылығын жоғарылатуға қатысты пікірімен бөлісті.
– Қазақстанда ғалымдардың орташа жалақысы 129 мың теңгені (300 АҚШ доллары) құрайды, яғни елдегі орташа жалақыдан бір жарым есе аз. Университеттегі жас заңгер-оқытушының жалақысы корпоративтік сектордағы біліктілігі өзімен тең маманға қарағанда 5 есе аз, – деді Талғат Нәрікбаев.
Спикердің айтуынша, бұл түлектердің университеттен жаппай кетуіне және консалтингтік немесе халықаралық заңгерлік фирмалардан жұмыс іздеуіне әкеліп соқтырады.
– Бүгінгі таңда Қазақстандағы белгілі заңгер ғалымдардың орташа жасы – 65 жас. Яғни, білікті ғылыми кадрлар қартайып жатыр. Сәйкесінше, дарынды студенттерді дайындайтын ешкім жоқ. Бұл вакуум өте қауіпті құбылыс. Сондықтан тиісті шараларды қазірден бастап қабылдауымыз керек, – деді ол.
Конференция барысында спикер жоғарыда аталған мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарында лайықты жалақыны қамтамасыз ету арқылы жас мамандарды ғылыми ортаға белсенді түрде тарту қажет екенін баса айтты.